Туабітті микротиясы бар балалар саңыраулық пен таскереңдіктен емделіп жазыла ма?

admin2022

Айта берсең, аурудың түрі көп-ақ. Алайда мына өмірдің мың құйқылжыған ғажайып дауысын, құстардың сайрағанын, керемет музыканың ойнағанын, анасының «айналайынын», әкесінің өбектегенін ести алмай өтетіндерден бөлек, мүлде құлақсыз туатын балалардың бар екенін білесіз бе? Сондықтан осынау мәселелерге қоғам мен құзырлы орын­дардың назарын аудару үшін жыл сайын 3 наурызда Дүние­жүзілік құлақ саулығы және есту қабілетін қорғау күні ата­лып өтеді.

Есту қабілетін жоғалту бү­гінгі таңда әлемде ең көп тарал­ған сенсорлы мүгедектік қата­рына кіреді. Беті әрмен десек те, ДДҰ болжамына сен­сек, 2050 жылға қарай жер бетінде 2,5 миллиардқа жуық адам әртүрлі дәрежелі есту қа­білетін жоғалтудан зардап шегуі ықтимал екен. Ал оның 700 миллионға жуығы реабилитациялық көмекке мұқ­таж болып қалуы ғажап емес. Сондықтан құлақ мәселесінде бейғамдық таныту елдің ден­сау­лығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Мәселен, өткен жылы С.Ж.Ас­фендияров атындағы ҚазҰМУ бет-жақ хирургі Нари­ман Сатылғанов құлақсыз туған, яғни туабітті микротиясы бар балаларға қабырға етінен құлақ қалқанын жасайтынын мәлімдегені есімізде. Құлақ қалқанының дамымай қалуы немесе мүлде болмауы әрбір 8-10 мың баланың біреуінде кездеседі.

«Қазақстанда осы диагноз­бен туған балалар көп. Мен олар­дың құлағына реконс­трук­циялық операция жасаймын. Құлақ қалқанын баланың өз қабырға етінен жасап беремін. Операция 6 сағатқа созылады. Мұндай операциялардың құны Америкада – 100 мың доллар, Еуропада 60-70 мың доллар тұрады. Бізде қажетті лицензиялар барлығы бар. Біздегі операция құны 14 мың доллар болады», деді бет-жақ хирургі Н.Сатылғанов.

Бірақ кешегі күнге дейін микротия және атрезиямен туған балалар шетелдерде емделуге мәж­бүр болып келгенін білеміз. Өткен жылы Қазақстанда осы патологиямен дүниеге келген 600-ден аса бала бар екені айтылды. Бұл ретте есту қабілеті мәселесінің жай-жапсарын Алматыдағы №5 қалалық кли­никалық аурухананың жоғары санатты сурдолог-отори­но­ла­ринголог дәрігері Наиля Төлеп­бековадан сұрап көрдік.

«ДДҰ құлақ саулығы мен есту қабілетін қорғауға арнаулы күн белгілегенін біле­сіздер. Жыл са­йын 3 наурызда құлақ аурулары мен есту қабілетін жоғалтқан адамдарға көмектесудің маңыздылығын көрсету үшін ақпарат таратуға, БАҚ пен денсаулық сақтау сала­­сындағы ұлттық саясатты жүр­гізетін тұлғалардың назарын осы мәселеге аударуға ұмтыла­мыз. Расында, қазіргі күні құлағы нашар еститін, құлақ ауруларына ша­ғымданатын пациенттер кө­беймесе, азайған жоқ. ДДҰ дерегі бойынша, кереңдік пен есту қабілеті бұзылуынан шамамен 360 миллион адам зардап шегеді. Естімей қалу, саңыраулықтың түпкі себептерін тұқым қуалайтын кеселдерден іздеу керек. Сол сияқ­ты құлақтың созылмалы инфекциялары мен қызамық, қызылша, шықшыт безінің қабынуы, менингит те асқына келе құлақтан айыруы мүмкін. Сондай-ақ кей­бір дәрілік препараттар мен қоршаған ортаның зиянды факторлары, бірінші кезекте, шудың әсері болуы мүмкін. Медицина мамандарының пікірінше, көп жағдайда саңыраулық пен есту қабілетіндегі барлық кемшілікті олардың алғашқы даму кезеңінде, яғни асқынбай тұрған кезде жою­ға немесе қалпына келтіруге бола­­ды. Дәрігерлер ең ұтымды алғы­­шарт ретінде тұрғындарды имму­ни­зация­лауды, бала мен ана денсау­лығын қорғау, еңбек гигие­насын сақтауды ұсынады», деді Н.Төлепбекова.

Наиля Мәлікқызының айтуын­ша, қазіргі таңда саңыраулық пен ауыр дәрежелі кереңдікті дәрі-дәрмекпен емдеудің тәсілі жоқ. Ең тиімді емдеу жолы (қалыпқа келтіру) – кохлеарлы имплантация. Қазақстанда құлағы нашар еститін немесе есту қабілетін мүлде жоғалтқан пациенттерге арналған көмек көрсету бағдарламасы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мысалы, Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханада 1500-дей операция жасалып, осы тәсілдің тиімділігін көрсетіп отыр.

«Біздің пациенттеріміз қазір музыкамен айналысады, ха­лық­аралық конкурстарда (Ва­ршава, «Ұлулар ырғағы» фести­валі) 1-орын алып жатыр, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде, жоғары оқу орындарында оқиды. Сауыққаннан кейін жұмысқа орналасып, ел қатарлы өмірден өз орнын тауып жатыр. Есту қабілетінде кінәраты бар адамдар үшін бұл – үлкен жетістік. Әрине, мұның барлығы – медицина мамандарының көмегінің арқасында атқарылып жатқан істер. Егер кереңдік мәселесіне келетін болсақ, оны да шешуге болады. Назарда ұстайтын ең бас­ты қағида – аурудың алдын алу, дәрігерге уақытында қаралу, дұрыс ем қабылдау, белсенді және тиімді скринингтік бағдарламаларды дер кезінде өткізіп тұру. Бұл рет­те аудиологиялық скрининг жасау және нәресте кезден құлақ саулығына мән беру – есту қабі­леті айтарлықтай бұзылған пациенттерді емдеу мен қалыпқа келтіруде үнемі назарда ұстайтын маңызды факт. Осы саланың мамандары біледі, 2021 жылы ДДҰ есту қабілеті мәселелеріне арналған баяндама жасады. Мұнда есту қабілетін жоғалтуы ықтимал немесе сондай дертке шалдыққандар санының артқаны айтылды. Баяндамада құлақ сау­лы­ғы мен есту қабілетін қор­ғау­дағы «H.E.A.R.I.N.G.» ең маңызды кешенді жеті шараның бірі ретінде шу деңгейін бақылау, қатты шығатын дыбыстар әсерін төмендету көрсетілген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемдік дең­гейде тұрғындарды иммунизациялау, бала мен ана саулығын қорғау, еңбек гигиенасын сақтау (өндірістік дыбыстар) қажет. Әрбір адамға мұны қарапайым тілмен былай түсіндіруге бола­ды: басына мақта оралған таяқ­шаны, тіс шұқығышты, түй­реуіш сияқтыларды құлақ қуы­сы­­на жолатпау керек. Жұрт осы зат­тармен құлақ тазаламауды, лас суда жуынбау, бөгде адам­дар­дың құлаққабын пайдаланбау, құлаққаппен дарылдаған музыканы ұзақ тыңдамауды үнемі қаперінде ұстауы қажет», деді сурдолог-оториноларинголог дәрігер.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 150 мыңнан аса мүлдем естімейтін және нашар еститін пациент бар. Тек Алматы қаласының өзінде есту қабілеті нашар 10 мыңнан аса адам тұрады. Ал 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мүгедек адамдар мен олардың отбасыларына ақпараттық, консультациялық, заңгерлік және психологиялық қолдау көрсетіп, жұмысқа орна­ласуға жәрдемдесетін «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығының тұжырымдамасы әзірленіп, бұл жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстандағы алғашқы «Ten Qogam» орталығы Алматыда 2020 жылдың мамыр айында ашылды. Орталық сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз етілген, онда ересектермен бірге балалар да көмек ала алады. Орталыққа мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде олардың ата-аналары мен жақындары жүгіне алады. Біздің орталықта әлеуметтенуге көмектесетін психолог кеңес береді», дейді «Ten Qogam» есту қабілеті бұзылған адамдарды әлеуметтік қолдау орталығының басшысы Аманбике Ерғалиева.

Бұл орталық есту қабілеті нашар немесе мүлде естімейтін азамат­тарға жұмыс табуға, өз ісін ашуға көмектесуге ұмтылып отыр. Әдетте, олар көбінесе аяқкиім жөн­деу шеберханалары, тігін ательесі, такси, киім дүкендері, қолдан жасалған бұйымдар, сонымен қатар құрылыс, кассада қызмет көрсету, тауарларды өлшеу, орау салалары мен баспа­хана­лардан жұмыс тауып жатады. Жат­тықтырушы болып та жалданады.

Сондай-ақ республика бойынша есту қабілеті шектеулі жандарға арналған мамандандырылған 24 мектеп бар. Алматыда олардың екеуі орналасса, бұлар – есту қабілетін түзетуге арналған №1 және 5 есту қабілеті арнайы түзе­ту мектептері. Бұл жерде олар­ға арнайы жағдай жасалған, түлектердің үш колледж бен Туризм және спорт академиясында жоғары және орта білім алуға мүмкіндіктері бар.

Қазақ тіліРусскийEnglish